← Блог

Түрлі түсті кино дәуірінде түсірілген 10 ақ-қара фильм

Түрлі түсті кино дәуірінде түсірілген 10 ақ-қара фильм

Монохромды бейне классикалық Голливуд пен француздық «жаңа толқын» дәуірін аңсатуға себеп болып, сондай-ақ маңызды мағыналық жүкті жеткізе алады. Ақ-қара фильм — көрермендердің бүкіл назарын әңгімеге шоғырландыра отырып, оқиғаны баяндаудың бір тәсілі деп саналады.

Бірақ режиссер мұндай көркемдік тәсілді таңдағанда алдына қандай мақсат қойса да, ақ-қара фильмдер — бұл сызықтардың мүлдем басқа сұлулығы, контрасты көрнекі бейнелер, көрерменді бүкіл кинотуынды бойы баурап алатын жарық пен көлеңке ойыны.

Ақ-қара кино фильмдерді шынымен ұлы ететін нәрселерді еске салады. Бүгінде де осындай туындылар шығарылуда. Төменде кинотуындылардың тізімі берілген, оларды көргеннен кейін фильмдерге деген талғамыңыздың едәуір жақсы жаққа өзгеретініне күмәнданбауға болады.

Небо над Берлином / Der Himmel über Berlin

Германиялық режиссер Вим Вендерстің қабырғамен бөлінген Берлинді мекендеп, оның тұрғындарының үйлеріне, ойлары мен жандарына үңілетін көзге көрінбейтін, мәңгі өлмейтін періштелер туралы культ фильмі. Бұл — классикалық кинематограф шабыт берген поэтикалық картина. Кадр сыртындағы монологтар, періштелер мен адамдардың ішкі сөзі өте поэтикалық естіледі. Режиссер картинаны «үш бұрынғы періштеге»: режиссерлер Одзу, Трюффо және Тарковскийге арнады.

Вендерс рухани мен материалдық, асқақ пен пасықтың қақтығысын сүйікті әйелімен уақыт өткізу мүмкіндігі үшін мәңгілік өмірден бас тартуға дайын періште Дамиэльдің оқиғасы арқылы экранға шығарады. Періштелер—- өткеннің куәгерлері мен сақтаушылары. Бірақ цирк әртісіне ғашық болған Дамиэль алға ұмтылады, ал өткен мен болашақ арасындағы бұл таңдау режиссердің өзі алдында тұрған таңдау болып шығады.

Вендерс шебер виртуоздай ақ-қара және түрлі түсті киноның эстетикасын біріктіре алды. Періштелер түстерді ажырата, иісті сезе, заттарды сипап біле алмайды, сондықтан олар көріп, сезінетін әлемді ұлы оператор Анри Алекан ақ-қара етіп түсірген, ал адамдар әлемі — түрлі түсте.

Режиссер «Берлинге келген сәттен бастап сезілетін нәрсені, ауадағы, аяқ астындағы, адамдардың жүзіндегі бір нәрсені» ұстағысы келді. Ол бір кездері біртұтас болған елді бөліп тұрған, көп шақырымға созылған қабырғаны таспаға түсіріп, қала-портрет фильмін түсірді. Періштелер үшін қабырға түріндегі кедергі жоқ сияқты, олар біртұтас Берлинде жүреді. Ал «Небо над Берлином» премьерасынан 2 жыл өткен соң қаланы және тұтас халықты бөліп тұрған қабырға құлады

Белая лента / Das weiße Band

«Белая лента» — Канн кинофестивалінде «Алтын пальма бұтағын», шетел тіліндегі үздік фильм үшін «Алтын глобусты» алған және «Оскарға» екі номинацияға ие болған неміс фильмі.

Михаэль Ханекенің ақ-қара драмасы Бірінші дүниежүзілік соғыстың алдында Германияның солтүстігіндегі шағын протестант ауылындағы қоғам мәселелері туралы баяндайды. Бұл — зұлымдықтың табиғаты, діни және саяси терроризмнің тамыры туралы картина. Сондай-ақ онда қоғамның өсіп келе жатқан ұрпаққа қатысты өзін қалай ұстауы керектігі туралы ой толғаулар бар.

Қорқыныш пен өзара өшпенділік атмосферасы бүкіл ауылды жайлады. Ақ-қара түсірілім күшейіп келе жатқан психологиялық шиеленіске екпін түсіреді. Түсіндіруге қиын оғаш оқиғалар бола бастайды: қала дәрігері жұмбақ жағдайда жараланады, баронның ұлы қоймада төмен қарай салбырап ілініп тұрған күйінде табылады, жұмысшы фабрикадағы жазатайым оқиғадан қаза табады.

Режиссер фашизмнің себептері мен алғышарттары туралы ой толғайды. Жеке алынған ауылдағы қатыгездік, жала жабу, жазалау әлемі небәрі 20 жылдан кейін тұтас ел мен бүкіл әлем көлеміндегі апатқа ұласады. Михаэль Ханеке ешқандай жауап бермейді, өйткені өнер нақты жауап бермеуі керек, ол тек сұрақ қоюы керек деп сенеді.

Человек, которого не было / The Man Who Wasn’t There

Канн фестивалінде үздік режиссура үшін жүлдеге ие болған Коэн ағайындылардың нуар картинасы эталонға айналды. Бастапқыда ол түрлі түсте түсірілген, бірақ экранға ақ-қара нұсқада шықты. Коэндердің фильмі — жүйеден шығуға сәтсіз әрекет ететін «кішкентай адам» туралы эскиз. Бұл — қылмыс, құштарлық және жаза туралы әңгіме. Бұл — Бетховен мен Моцарттың шығармалары үнемі естіліп тұратын мінсіз монохромды бейне.

Оқиға 1949 ж. Калифорнияның солтүстігіндегі шағын елді мекенде өрбиді, онда шаштараз Эдвард Крейн күн сайын адамдардың шашын алады. Ол өз өміріне көңілі толмайды: жұмыстан ләззат жоқ, ал әйелі опасыз: отбасының досымен көңіл қосады. Тағдырын өзгертуге тырысып, Эдвард бопсалауға жүгінуді ұйғарады. Бірақ оның әрекеті әшкере болып, нәтижесінде одан да зымиян құпиялар белгілі болады, ал оқиғалар тізбегі ақырында өлімге себеп болады.

Милая Фрэнсис / Frances Ha

Қазіргі заманның ең табиғи режиссерлерінің бірі, АҚШ-тан шыққан Ноа Баумбах Фрэнсис есімді нью-йорктік қиялшыл қыздың өмірі туралы тебірентерлік романтикалық комедия түсірді. Сценарийді басты рөлді сомдаған Грета Гервигпен бірлесіп жазған, оның үстіне олар электрондық пошта арқылы хат алмасқан. Фильмді түсіру үшін шамалы бюджет қажет болды. Камера кәдімгі, Кэнон фирмасынікі пайдаланылған.

Ақ-қара киноның эстетикасы және Трюффомен жұмыс істеген Жорж Делерюдің музыкасы: Баумбах француздық «жаңа толқынды» дәйексөз ете отырып, Нью-Йоркте «ересек» өмір құруға тырысатын, бірақ оның орнына пәтерінен, жұмысынан және достарынан айырылатын 27 жастағы биші туралы баяндайды.

«Милая Фрэнсис» — жастық шақтың қуанышы мен қайғысы туралы мәңгілік оқиға, миллениалдар буынының монохромды портреті, өмірден және әлемнен өз орнын табуға барын салатын әрбір адасқан жан туралы ностальгиялық картина. Грета Гервигтің ебедейсіз әрі шексіз жақын кейіпкерінен әркім өзін тани алады. Қыз Дэвид Боуидің «Modern love» әніне Нью-Йорк көшелерімен билеп келе жатқанда, бәрібір бәрі жақсы болатыны түсінікті болады.

Ида / Ida

«Ида» — Павел Павликовскийдің ақ-қара драмасы. Ол шетел тіліндегі үздік фильм үшін «Оскар» сыйлығын алған алғашқы поляк өндірісінің кинотуындысы болды. Бұл — монахиня антын қабылдар алдында өзінің тірі қалған жалғыз туысы болып шыққан тәтесімен кездесетін жетім поляк қызы Аннаның оқиғасы. Әйел Аннаға оның еврей тектес екенін айтып береді, және олар бірге өз отбасыларының қасіретті тарихын білу үшін сапарға аттанады, дәл осы тарих олардың болашағын айқындайды.

Павликовский мағына іздеу және өзін табу туралы мүлдем әдеттен тыс «роуд-муви» түсірді. Картинаның монохромдылығы, оператордың керемет жұмысы мен әр кадрдың жақсы құрылған композициясының үйлесімі сюжеттің мәнерлілігіне екпін түсіріп, көрерменнің бүкіл назарын болып жатқан оқиғаға шоғырландырады.

Франц / Frantz

Режиссер Франсуа Озон өз картинасында Бірінші дүниежүзілік соғыстың қиратқыш салдары туралы соғыстың «жоғалған ұрпағының» көзімен баяндайды. Бұл — ақ-қара палитра, классикалық музыкалық сүйемелдеу, идеялық және көрнекі қатар біртұтас құрайтын адам драмасы туралы өте әдемі, асықпайтын кино.

Картинаның басты кейіпкерлері — ұрыс даласында күйеу жігіті Францтан айырылған германиялық қыз Анна және жігіттің бейітінің басында түсініксіз әрі жұмбақ түрде пайда болған француз Адриен. Озонның кейіпкерлері өздерінің ішкі қайшылықтарымен күреседі: тірі қалғанның кінә сезімімен, жоғалту азабымен және бәріне қарамастан бақытқа деген жеңілмес ықыласпен.

Рома / Roma

Куарон режиссер, сценарист, продюсер, оператор және монтажшы рөлдерін өзі атқарған өте жеке, жартылай өмірбаяндық картина түсірді. Бұл — кадрдағы детальдарға назар аударуымен, бір қалыпты түсірілімімен және асықпайтын қарқынымен ерекшеленетін әдемі ақ-қара авторлық кино.

Кинотуындыда 1970-жылдардың басындағы орта таптың қарапайым мексикалық отбасы туралы сөз болады. Картинаның басты сюжеттік желісі — қызметші Клеоның оқиғасы. «Рома» едәуір баяу жобалар қатарына жатады, оның басты шарықтау шегі — демонстрацияға келген студенттерді атып тастау.

Холодная война / Zimna wojna

«Холодная война» тарихи драмасы Канн кинофестивалінде көрсетілгеннен кейін 18 минутқа созылған қошемет пен үздік режиссерлік жұмыс үшін жүлдеге, «Оскарға» үш номинацияға ие болды. Павликовский өз ата-анасының өмір тарихын баяндайды: музыкалық жетекші әншіге ғашық болып, оны коммунистік Польшадан Францияға қашуға көндіруге тырысады.

Павликовскийдің жұмыстарында әрдайым тарихи қақтығыс пен адами қарым-қатынастың астасуы байқалады. Бұл — саясат, шекаралар, идеологиялар мен мінездер бөліп тастаған адамдар туралы әңгіме, соғыстан кейінгі Польшаның қирандылары үстіндегі мүмкін емес махаббат хикаясы. «Холодная война» көрнекі түрде эстетикалық әрі ұстамды: ақ-қара бейне, классикалық 4:3 форматы және бүкіл фильм бойы қайталанатын бір әуен.

Приключение / L’Avventura

«Приключение» — Антониониді бүкіл әлемге танытқан және еуропалық арт-хаустың бастау нүктесі болған жалғыздық пен жан күйзелісі туралы кинотуынды. Режиссер Андрей Звягинцевтің сүйікті фильмі және Умберто Эконың сөзімен айтқанда, «сансыз интерпретацияларға ашық заманауи шығарманың эталоны».

Мужское-Женское / Masculin féminin

Жан-Люк Годар түсірген француз жаңа толқынының культ фильмі. Бұл — саясат, поп-мәдениет және жыныстар арасындағы келіспеушіліктер туралы көп идея бар 60-жылдардың қызықты жұмысы. Қорытынды титрларда Годар былай деп жазады: «Бұл фильм «Маркс пен «Кока-коланың» балалары» деп аталуы мүмкін еді. Кім түсінгісі келсе, сол түсінеді».


КҰ алубір минутта